11-ші сынып ата-анарылмен жиналыс

«Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімі Көкшетау қаласының №9 жалпы орта білім беретін мектебі»

11 -сынып ата-аналарымен жиналыс өткізілді

 

2026 жылдың 2 сәуір күні мектепте 11 сынып оқушыларының ата-аналарына арналған маңызды жиналыс өткізілді. Жиналысқа мектеп әкімшілігі, педагогтер және

ата-аналар қатысты. Жиналыстың негізгі мақсаты – бітіруші сынып оқушыларын қорытынды аттестация мен ҰБТ-ға дайындау барысында ата-аналардың рөлін күшейту, оқушыларға психологиялық және оқу-әдістемелік қолдау көрсету мәселелерін талқылау болды.

Алғаш болып сөз алған мектеп психологі Нуржанова М. ата-аналарға оқушылардың емтихан алдындағы психологиялық жағдайы туралы кеңінен ақпарат берді. Ол жасөспірімдердің бұл кезеңде күйзеліске жиі ұшырайтынын, мазасыздық пен қорқыныш сезімдерінің артуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, ата-аналарға балаларына қолдау көрсету, сенім білдіру, артық қысым жасамау және үй жағдайында жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру бойынша нақты ұсыныстар ұсынды.

Келесі кезекте оқу ісінің орынбасары Билялова Б.Қ. сөз сөйлеп, 11 сынып оқушыларының оқу үлгерімі мен дайындық деңгейіне тоқталды. Ол қорытынды аттестация мен ҰБТ-ның маңыздылығын атап өтіп, мектеп тарапынан ұйымдастырылып жатқан дайындық жұмыстары туралы баяндады. Сонымен қатар, ата-аналарды балалардың оқу процесіне белсенді араласуға, олардың сабаққа қатысуын және дайындықтарын бақылауда ұстауға шақырды.

Жиналыс барысында 11 сынып мұғалімдері де өз пәндері бойынша оқушылардың білім деңгейі, дайындық барысы туралы мәлімет берді. Мұғалімдер қосымша сабақтардың маңыздылығын атап өтіп, кейбір оқушылардың оқу мотивациясын арттыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, ата-аналармен бірлескен жұмыстың нәтижелі болатыны ерекше атап өтілді.

Жиын соңында ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу жүргізілді.

Қорытындылай келе, жиналыс ата-аналар мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, оқушылардың білім сапасын арттыруға және оларды маңызды емтихандарға жан-жақты дайындауға бағытталған тиімді алаң болды.